«Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы!» («Аләқ» сүресі, 1-аят)

«ПАЙҒАМБАР ХАДИСТЕРІ МЕН ҚАЗАҚ МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕРІ» КІТАБЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Muftiyat» баспасынан «Пайғамбар хадистері мен қазақ мақал-мәтелдері (ұқсастықтары мен ерекшеліктері)» кітабы жарық көрді. Кітап авторы – ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі, PhD докторы Батыржан Мансұров.

Кітаптың тұсаукесер рәсіміне қатысқан ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Бүгінде мүфтият күнделікті жұмыс барысында бес бағытқа басымдық береді. Бес бағыттың бірі – дін мен дәстүр. Қазір дін мен дәстүр сабақтастығын кеңінен насихаттау мақсатында түрлі деңгейдегі қоғамдық іс-шараларды ұйымдастырып келеміз. Қолдарыңызға тиіп отырған бұл кітап Пайғамбар хадистері мен мақал-мәтелдеріміздің ұқсастықтары мен ерекшеліктерін баяндайды» деп атап өтті.

Автордың айтуынша, кітапта Мұхаммед Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінің қазақ мақал-мәтелдеріндегі орны, ұқсастықтары мен ортақ тұстары ғылыми негізде салғастыра зерттелген. Еңбекте Мұхаммед Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистері бойынша дереккөз ретінде «Кутубу әс-ситта» авторлары мен басқа да хадис жеткізген ғалымдардың мұсылман қауымына ұсынған іргелі еңбектері пайдаланылған.

Кітап хадис мәтіндері мен тарихын, әдіснамасын зерттеуші ғалымдарға, сондай-ақ дінтану пәндерінен бөлек тіл білімі саласының мамандарына, жалпы оқырмандарға арналған.



\